Жаңалықтар

«Атамекен қабылдауы» арнайы кабинеті ашылды

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «Атамекен қабылдауы» арнайы кабинеті ашылды.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі өкілдік мүшелері аталған кабинетте қабылдау жүргізеді. Бұл жерде палата  сарапшылары мен аймақтағы бизнес-омбудсмен өкілдері келісілген кестеге сәйкес кезекшілік етіп, консультативтік көмек көрсетпек.
Мұндай формат дауларды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін сақтауға және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға ықпал ететін болады. Осылайша заңды тұлғалар, атап айтқанда, бизнес субъектілері мен мемлекеттік органдар кез келген даулы мәселелер бойынша қабылдау жүргізетін сарапшылардың көмегіне жүгініп, соттан тыс даулы жағдайларды шеше алады.

«Атамекен қабылдауы» кабинеті кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ бизнес саласындағы дауды реттеуге мүмкіндік береді, — деді облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Айбек Дәуренбеков.

Облыстық  кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Руслан Күйшіновтің айтуынша, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы  Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен бірлесіп, сотқа дейінгі реттеу бойынша бірлескен жұмыс аясында осындай кабинеттерді ашуға бастамашылық жасаған. Өйткені бизнес субъектілері арасындағы даулар бойынша талап-арыз көбейген.

Сот ғимаратында ашылған «Атамекен қабылдауы» кабинетінде кәсіпкерлік субъектілеріне және мемлекеттік органдар өкілдеріне консультациялық-құқықтық көмек беру негізінде даулы мәселелерді  шешуге әрі осының аясында медиация қызметін көрсетуге ықпал етілмек. Бұл кабинетте бизнес-омбудсмен өңірлік секторларының кеңсе өкілдері кезекшілік режимінде аптасына 2-3 күн жұмыс жасайды. Сондай-ақ бизнес-омбудсменнің аймақтық кеңсесінен қашықтан кезекшілік қызмет көрсету мәселесін де пысықтауға мүмкіндік бар, — деді Руслан Күйшінов.

Мамандардың айтуынша, «Атамекен қабылдауы» кабинетінде қабылдау өткізетіндердің кезекшілік кестесі әлеуметтік желілерде және ресми сайттарда орналастырылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button